Лисаков тау-кен байыту комбинатының директоры (1970-1984).
Д.А. Шарыгин 1918 жылы 9 қарашада Башқұрт АКСР Қызыл Мешіт ауылында (Мраково ауылы) кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 1934-1938 жылдары Магнитогор тау-кен металлургиялық техникумында оқып, пайдалы қазбаларды байыту техникасы мамандығын алды. Магнитогор металлургиялық комбинатының кен байыту фабрикасында бригадир, шебер, комсомол-жастар ауысымының бастығы болып жұмыс істеді. 1939 жылы Д. А. Шарыгин Моңғол Халық Республикасында Забайкал әскери округінің 17 армиясының 6-танк бригадасының 18 жеке танк батальонына Қызыл Армия қатарына шақырылды. Оқу мектебін бітіргеннен кейін кіші командир атағын, танк механик-жүргізушісі мамандығын алды. 1941 жылдың 20 шілдесінде қолбасшылық Д.Шарыгинді Забайкаль округінің 7 оқу танк полкіне танк жүргізу нұсқаушысы етіп жіберді, ал полктің міндеті барлық мамандықтағы танкистерді даярлау болды. Екі жыл бойы Д.А. Шарыгин взвод командирі, ал соңғы жылдары танк экипаждарын дайындау батальонының адъютанты болды. 1945 жылдың қазан айында Ленинградтық Қызыл Тулы Ленин ордені жоғары офицерлер мектебіне оқуға жіберілді. Мектепті бітіргеннен кейін Д.А. Шарыгин Забайкал-Амур әскери округінің бронетанкалық және механизацияланған әскерлерінің офицерлік құрамы резервіне тағайындалды.
1946 жылдың қараша айында әскерден оралғаннан кейін Д.А. Шарыгин Магнитогор металлургиялық комбинатына оралды. Екі жылдан кейін Челябі облыстық партия комитетінің шешімі бойынша ол тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындарын қалпына келтіруге көмек көрсету үшін Польша Халық Республикасына жұмысқа жіберілді. Шетелдік іссапардан кейін Дмитрий Антонович Магнитогорск қаласына қайта оралды, 1959 жылы кен байыту фабрикаларының бас инженері болды. Д. А. Шарыгин Магнитогор тау-кен металлургия институтының кешкі бөлімін үздік дипломмен аяқтады. 1963 жылы оны Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатына (Рудный қ.) ауыстырды. Рудный қаласында Д.А. Шарыгин байыту фабрикалары басқармасының бастығы болып 7 жыл жұмыс істеді, кен байыту фабрикасының жұмысын басқарды, кен байыту және кенді түйіршіктеу комбинатының бас инженерінің орынбасары болды. Озық тәжірибені зерделеу мақсатында мамандар тобымен Швеция, Норвегия, Канаданың тау-кен кәсіпорындарында болды.
1970 жылы Қазақстан Компартиясы Қостанай облыстық комитетінің шешімі бойынша Д.А. Шарыгин Лисаков тау-кен байыту комбинатына жіберілді.
Д.А. Шарыгин зауытта директор болып жұмыс істеген уақытында жалпы қуаттылығы 11,7 млн тонна шикізат кенін және 5,8 млн тонна темір кен концентратын құрайтын үш іске қосу кешенінің жобалық қуатын салып, пайдалануға берді. Көптеген жылдар бойы Лисаков оолитті кендерін байытудың тиімді технологияларын (күйдіру магнитті схема, автоклавталған шекемтастар және т.б.) іздеуде мақсатты жұмыстар жүргізілді. Лисаков қаласының жоспарлы, кешенді құрылысы жүргізілді, ал ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының ортасына дейін қазіргі қаланың негізгі тұрғын бөлігі қалыптасты.
1971 жылы Д.А. Шарыгин Қазақстан Компартиясының XIII съезіне делегат болды.
Д.А. Шарыгин Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Шахтерская слава» белгісінің кавалері, ВДНХ күміс медалімен марапатталған.
Д.А. Шарыгиннің құжаттар кешені Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті мұражайының қорында сақталуда.
Д.А. Шарыгинге «Лисаков қаласының Құрметті азаматы» атағы 1981 жылы 27 тамызда берілді. Лисаков қалалық кеңесі атқару комитетінің № 202 шешімі.
2009 жылы 24 мамырда қайтыс болды және Лисаков қаласында жерленген.*
* «Бұл есімдерді ұмытпаймыз» құжаттар мен материалдар жинағы. А.Я. Ильницкийдің жалпы редакциясымен. Қостанай: Қостанай баспа үйі, 2009, 205 Б., 12-13.