Міржақып Дулатовтың өміршең мұрасы: Қостанайдағы конференция

Ермагамбетова Шынар Ерденовна

2025 жылдың 19 қарашасында Қостанай қаласының орталығында көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы Міржақып Дулатовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдың салтанатты рәсімі өтті. Гүл қою рәсіміне Лисаков қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Р. Исмагулова, сондай-ақ Лисаков музейінің басшысы Ш.Е. Ермагамбетова мен қызметкерлері қатысты.
Рәсімнен кейін Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің 110 жылдығына арналған «Музейлер және тарихи-мәдени мұра: өткені, бүгіні және болашағы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция барысында музей ісінің түрлі қырлары мен бағыттары бойынша баяндамалар ұсынылды. Лисаков музейінің қор сақтаушысы Асель Амангелдинқызы Дуйсмухамбетова «Лисаков музейі — қазақ халқының этнографиялық мұрасының сақтаушысы» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шара соңында «Kazmuseum.kz» оқу-әдістемелік орталығының басшысы (Астана қ.) Нұрсерік Жолбарыс «Музей ісіндегі жобалау жұмысы» тақырыбында мастер-класс өткізді. Ал Амангелді ауданының Амангелді ауылынан келген зергер Дастан Мұратұлы Хамзин қазақ халқының әйелдерге арналған әшекей бұйымдарын таныстырып, олардың жасалу тәсілдері бойынша шеберлік сағатын жүргізді.

Scroll to Top