«Лисаков суретшілер көзімен»

Ермагамбетова Шынар Ерденовна

Лисаков қаласының 55 жылдығына арналған көрме

7 тамызда Лисаков музейінде Лисаков қаласының Балалар көркемсурет мектебі педагогтері мен тәрбиеленушілерінің шығармашылық жұмыстарының көрмесі ашылды. Қала мерейтойына орай осындай көрмелер ұйымдастыру – жақсы дәстүрге айналған.

«Лисаков суретшілер көзімен» көрмесінде 45 шығармашылық жұмыс ұсынылды. Көрменің ашылу барысында көркемсурет мектебінің директоры С.В. Карженкова экскурсия жүргізді. Ал музей қызметкерлері жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, картиналардағы бейнелерді жандандырды. Лисаков музейінің басшысы Ш.Е. Ермагамбетова жиналғандарды Қала күнімен құттықтап, музей мен көркемсурет мектебінің көпжылдық ынтымақтастығы туралы айтып өтті.

Өз қаласына ғашық суретшілер шығармаларында туған өлкенің табиғатын және қала көріністерін бейнелеген. Көптеген авторлар қаланың ескерткіштері мен шағын сәулет нысандарына назар аударса, кейбірі «Мен Лисаковты сүйемін» ұранындағы әрбір әріпті креативті түрде бейнелеу арқылы қалаға деген сүйіспеншілігін жеткізген.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жасалған туындыларда ұлттық рәміздер де көрініс тапқан. Акварель, пастель, акрил маркерлері, цифрлық графика және аппликация сияқты түрлі көркемдік құралдар мен техникаларды қолдана отырып, авторлар қала кеңістігін жағымды қабылдайтынын және туған елдің дамуына өз үлесін қосуға деген ұмтылысын білдіреді.

Көрме 2026 жылдың қараша айының ортасына дейін жұмыс істейді.

Scroll to Top
⚡ Cached with atec Page Cache