2026 жылғы 23 ақпанында Лисаков қаласы білім бөлімінің Абай атындағы орта мектебінде «Ә.Бөкейханов – ұлттық лидер» тақырыбында дәріс өткізілді. Іс-шара Лисаков музейінің қызметкері А.А. Салпенованың ұйымдастыруымен өтті. Дәріске 8-9 сынып оқушылары қатысты. Оқушылар Әлихан Бөкейхановтың өмірбаянымен танысты.
Сабақ барысында оқушылар Әлихан Бөкейхановтың бүгінгі өмірде болса, не айтар еді деген сұраққа жауап іздеп, өз пікірлерін ортаға салды. Бұл сұрақ оларға қазіргі қоғамның сұраныстары мен Ә.Бөкейхановтың ұлт көшбасшысы ретінде ұстанған ұстанымдарының қаншалықты маңызды екенін түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, «Неге Әлихан Бөкейхановты көшбасшы дейміз?» деген сауал да назардан тыс қалмады. Оқушылар оның көшбасшылық қасиеттері, ұлттық күрес жолындағы батылдығы мен іскерлігі туралы пікірлерін білдірді.
Дәріс барысында оқушылар ұлт көсемінің саяси көзқарастары мен тарихи мұрасы туралы терең ой бөлісіп, оның қазақ халқының өркендеуі жолындағы маңызды еңбегін бағалауға дағдыланды. Әлихан Бөкейхановтың қазақ халқының тарихындағы орны мен рөлін ұғыну, оның бүгінгі ұрпақ үшін қандай үлгі-өнеге болатындығы туралы ойлар айтылды.
Ә.Бөкейханов сияқты ұлы тұлғалар туралы сабақтар оқушылардың өз Отанының тарихына деген құрметін қалыптастырып, олардың патриоттық сезімдерін нығайтады. Бұл сабақтар жастардың ұлттық құндылықтарды түсінуіне, өз тарихын бағалауға және еліміздің болашағы үшін жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді.







